Немесе бір уақытта түрлі жобаларды қалай алып жүрмін?

Соңғы жазбадан бір жарым айдан астам уақыт өтіп кетіпті. Бұл күндері тым көп шаруалар болып кетті ме, әлде ораза келіп, жазба жазуға уақыттарымыз сай болмай кетті ме, білмедім, әйтеуір ойда жүргенді тізіп, бөлісуге уақыт табылмай кетті.

Бүгінгі тақырыбым қызықты болар 😉 Себебі әркімнің итермелейтін өзінің күші болады.

Біреулерге ЕНТ, грант, шетел, не махаббат, не жанұя асырау, бала-шаға бағу деп жүрсе, басқаларға бастарындағы кредиттерді құтылу үшін тынымсыз шаруалар жасап, бір орында отырмай жүреді.

Ал тағы біреулерге өздері ұнайтын шаруаларды тауып, солармен шұғылданатын жандарды кездесіп жатамыз.

Ал, мені қандай күш итермелейді?!

Үздіктер жобасын бастағанда 1000-нан аса оқушы мен ұстаз тіркелетінін сезген де жоқпыз, олардың бәрін басын қосып, олармен жұмыс істеу, әр қайсысымен де тіл табыса алуың да керек, сұрағына лезде жауап беріп, қанағаттандыру керек. Басы қатты болса, аяғы тәтті болар деп бастап кеттік. Ол жоба жайында алдағы уақытта жазба жазып, айта жатармын.

Бірақ қысқаша айтсам, жоба қатысушыларын “курировать” ету, группаларға бөліп, өсіріп отыру, сабақтарға доступ беріп, кейін жауып отыру, минималды есептер санын бекіту, өтпей қалғандарға ескерту беріп, топтан шығарып отыру, есептер мен контесттер әзірлеу секілді біраз жұмыстары бар, одан бөлек, толық іріктелуді қанағаттандыратын есеп шағарғанда әрқайсысымен 30-40 минуттық сұқпаттасу жасап отыру. (Қазірдің өзінде 12-15 зум интервью болып қойды.) Осыларға қалай үлгеріп жүрмін деп ойлап қоямын?!

Одан бөлек Қазақстанның спорттық программалау федерациясы құрылып, ол жердің бір мүшесі ретінде апта сайынғы жиналыс талқылаулар, дамуы, жетілдіру, кемшілік тұстары, ақылдасатын жайттар толып артылады. Алда Бүкіл Қазақстанның үлкен чемпионаты да ұйымдастырылып жатыр, жалпы айтпағым, ол жақта да жүрміз.

Одан бөлек тағы бір жоба басталды. Түркістан облысының “Үздік IT ұстаз” турнирі яғни Түркістан облыстық Білім басқармасымен бірге ұйымдастыруға кірісіп кеттік. Ол жерде жыл соңына дейін 20-шақты контест болып, әр контестте 5-есептен тұрады десек, 100-есепті әзірлеу деген мойнымызға алып жатырмыз. Оны платформаға әзірлеу, тіркелу процесі, кейбір түсіндірме жұмыстарына да ат салысып жүрміз.

Енді қызық жағы, осындай жобалар үшін ақы алмаймыз. 😁 Бұл таза өз ниетім, көмек беріп, еліміздің дамуына кішкентай болса да ықпалым болсыншы деп жүрмін.

Себебі біз шетелде шіреніп жүргеннен не пайда, егер шыққан жерің сенен бір пайдасы тимей, жақсармаса?! деген ой мазалай бастағаннан алдымен тегін білімді іле бастадым, ютуб арна аштым. (Қазір “Үздік Білім” YouTube арнасында 11К subs бар)

Кейін жалпы контингентті көтеру мақсатында үздіктер деген жобаны бастадым, яғни қарапайым мектеп оқушылары салыстырмалы түрде әрдайым артта жүреді. Себебі бүкіл қаймақтардан жиналған оқу орындары мейлі мектебі болсын, не университеті болсын, ол ортасы күшті болады. Оларға берер ұстаздары да мықты келеді. Ал қарапайым мектеп оқушылары ше?! Деген оймен Үздіктер деген жоба келді.

Әрине тек оқушылар ғана емес ұстаздарды да көтеру керек деп жобаға қостық. Себебі ұстаздардың біліктілігі көтерілмей олардың шәкірттері көтерілуі екі талай.

Одан кейін олимпиадаға тек 1-апта ғана қалғанда дайындалу дегенді ұнатпаймын, және ол жылына 1-ақ рет болады. Яғни тез ұмытылып кетеді. Сол үшін ең үлкен халық саны да мектептер саны көп облыстың деңгейіне әсер еткім келді.

Ол енді Түркістан облысы, сол бір облыста 3000-дай мектеп бар екен. Ал соңғы олимпиада да ең көп қатысушы болса да, олимпиаданың орта баллы да ең жоғары баллы да төмен көрсетті. Оқушылардың кінәлаудың қажеті жоқ, жай сол өңірлердегі ұстаздардың деңгейін көтеру керек деп, және жыл бойы дайындалуға мүмкін болатын олимпиадалар жасау керек деп сендім. Сөйтіп турнир жасау ойға келіп, оны Түркістан облысының білім басшылығына жеткіздім. Міне солай басталды.

Әрине, бұл жобалардан бөлек, Кореядағы жұмысым, жанұям мен бала-шаға да барын айтсам, онда мені қандай күш қозғап отарыды?

Бұл сұрақтың жауабын сіздерге қалдырып көрейін. 😉

19.04.2023